Іс-шараны ашу барысында Мәжіліс Төрағасының орынбасары В. Божко Мемлекет басшысы, Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту және оны қолдау мәселелеріне ерекше назарын ескере отырып, өткізіліп отырған іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас Прокуратура, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, Сыртқы істер, Қорғаныс, Ішкі істер, Білім және ғылым, Инвестициялар және даму министрліктері, әкімдіктер мен қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібі кешенінің қазіргі кезеңдегі жай-күйі мен даму перспективалары және осыған байланысты министрліктің алдына қойған міндеттері жайлы егжей-тегжейлі айтып өтті.
Қосымша баяндамамен сөз сөйлеген бейінді Комитеттің төрағасы Мұхтар Ерман қорғаныс өнеркәсібі саясатын қазіргі кезеңде жүзеге асырудың бірқатар маңызды аспектілерін айқындады.
Депутат олардың ішінде Парламент Мәжілісімен «Қорғаныс өнеркәсібі мен мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заң жобасы аясында қаралып отырған, қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту үшін маңызды болып табылатын негізгі аспектілерге ерекше назар аударды.
Сонымен қатар, қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарын жаңғыртуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін неғұрлым белсенді пайдалану, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, әскери-техникалық ынтымақтастықты жандандыру, қорғаныс өнеркәсібі кешені үшін кадрларды дайындау қажеттілігі және басқа да мәселелер айтылды.
Пікірсайысқа қатысқан Мәжіліс депутаттары баяндамашы мен шақырылған мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар мәселелерді алға тартты. Депутат Қабиболла Жақыпов мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың қалыптасуы жөнінде сұраса, депутат Павел Казанцев ведомстволар арасында ғылыми-зерттеу саласындағы өзара әрекеттестік мәселелеріне баса назар аударды. Депутат Наталья Жұмаділдаева қорғаныс өнеркәсібі кешені үшін кадрларды дайындау жөнінде сұрақ қойды. Парламент мүшелері Нұрлан Дулатбеков пен Жанат Жарасов Ұлттық Ұлан мен Шекаралық Қызмет бөлімшелерін отандық әскери өніммен қамтамасыз ету аспектілеріне қатысты мәселелерді көтерді.
Қызу талқылауда сөз жарыстырған Мәжіліс депутаттары Абай Тасболатов және Құдайберген Ержан қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамытудың бірқатар басым аспектілеріне назар аударды.
Үкімет сағаты қорытындысына орай мемлекеттік органдар үшін Қазақстан Республикасы қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту жөнінде атқарылып жатқан жұмыстың тиімділігін арттыру бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне жіберілетін ұсынымдар әзірленді.